Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі
«Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі» «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» бөлімі 2001 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан Облысы Тарихи - өлкетану музейінің филиалы болып ашылды. Музейдің ашылуына себеп болған тарихи жағдай - ХХ - ғасырдың 20-50-жылдарында орын алған кеңестік тоталитарлық жүйе тұсындағы жаппай қуғын-сүргін оқиғалары. Бұл кезеңде мыңдаған жазықсыз азаматтар «халық жауы» деген жаламен түрмеге қамалып, атылып немесе жер аударылған болатын. Музейдің құрылуы - осы зұлмат жылдардың құрбандарына тағзым ету, оларды есте сақтау және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам болды.
Музейдің негізгі миссиясы - саяси қуғын-сүргін жылдарында зардап шеккен азаматтардың рухына тағзым ету, олардың өмірі мен күресін келешек ұрпаққа жеткізу. Мұнда ХХ - ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының фотосуреттері, құжаттары, жеке заттары және сол кезеңнің тарихи оқиғаларын бейнелейтін экспозициялар ұсынылған .
Музей ғимаратының жалпы көлемі: 738 шаршы метр. Бүгінгі күні музей қорында жалпы 16 707 экспонат тіркелген.
Музей үш залдан тұрады:
1. Экспозициялық зал;
2. «Тағзым» залы;
3. Кино залы.
1. Экспозициялық залы - Экспозиция залында жалпы 364 фотосуреттер мен архивтік құжаттардың көшірмесі орналасқан (фото - 233, құжаттар -131). Экспозиция залы 12 бөлімнен тұрады:
1) «Алаш арыстары»;
2) «Ашаршылық»;
3) «Созақ көтерілісі»;
4) «Адай көтерілісі»;
5) Қазақстандағы еңбекпен түзету лагерлерінің картасы;
6) «Оңтүстік өңірі бойынша жазықсыз жазаланғандар»;
7) «Азаптау бөлмесі»;
8) «КарЛаг»;
9) «Алжир»;
10) «Тоталлитаризм қасіреті»;
11) «Депортация»
12) «Желтоқсан 1986»
2. Тағзым залы - қара тақтада Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша атылған 2500-ге жуық азаматтардың есімдері жазылған. Сондай-ақ, Ақан серінің мәреге жетпей мерт болған «Құлагер» мүсіні және Азалы кітаптың 3 данасы орналасқан.
3. Кино залы - отандық режиссерлердің ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін тақырыбындағы деректі фильдері келушілерге көрсетіледі. Сонымен қатар, кино залында алаш қайраткерлерінің нақыл сөздері және «Ана мен бала» композициясы орналасқан.