Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Палеонтология музейі

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің Палеонтология қалалық бөлімшесі 2003 жылы ашылған. Күні бүгінде музейдің жалпы қоры сегіз мыңнан астам жәдігерді құрайды.

Палеонтология музейі - Қазақстандағы жер қабатының тарихи - геологиялық кезеңін, мезозой кезеңінде тіршілік еткен жануарлар әлемін зерттейтін бірден - бір палеонтологиялық музей. Музейде жинақталған жәдігерлердің бірегейлігіне,құндылығына әлемдегі көптеген музейлер қызыға алады. Бұл жерде жинақталған жәдігерлердің барлығы өлкеміздегі Ақкерегешың, Ақтолағай бор тауларынан табылған. Палеонтология музейі зор ғылыми маңызға ие және Қазақстанның палеонтологиялық ғылымын дамыту үшін бастапқы нүкте бола алады. 

Палеонтология музейінің басты мақсаты - қарапайым жәндіктен бастап, жоғары ұйымдасқан жаратылыстарға дейін, яғни ежелгі геологиялық дәуірден біздің заманымызға дейінгі Қазақстанның жануарлар әлемін жұртшылыққа кеңінен таныту. 

Каспий теңізінің солтүстік, солтүстік-шығыс жағалауын құшып, ұланғайыр жер аумағын алып жатқан Атырау өңірі табиғи пайдалы қазбаларымен ғана емес, сонымен қатар әртүрлі қайталанбас табиғи ландшафтарға бай өлке. Атап айтсақ, өлкеміздің аппақ таулы бор қыраттары табиғаттың қайталанбас керемет туындысы. Табиғаттың ғажайып көрінісі Құлсары қаласынан 60 км қашықтықта орналасқан Ақкерегешың қыраты және Ақтөбе облысымен шекаралас жатқан Ақтолағай қыраты еш жерге ұқсамайтын, ерекше, мүлдем бөлек, тамаша әлем. Көкке мойнын созған ақ құздардың, яғни бор қыраттарының сұлулығы көз тартады. Ақ таулардың тізбегі ашық күні айналасына аппақ нұр шашып тұрғандай әсер қалдырады. Ал күн еңкейген сәтте кемпірқосақ тәрізді түрлі - түрлі түске боялады. Әсіресе, көктемде, айнала дала гүлдеріне толған шақта, бұл жердің әсемдігі көз тойғысыз. Таулардың етегінен басқа өңірлерде кездеспейтін алуан түрлі өсімдіктерді көруге болады. Атырау және Ақтөбе облыстарының шекарасында орналасқан борлы үстірт бір кездері теңіздің түбі болған.

Сондықтан да дәл осы жерлерде тасқа айналған ұлулар, сегізсәулелі маржандар, теңіз кірпілері, губкалар, медузалар, құрттар, моллюскалар түрлері және басқа да ондаған миллион жыл бұрын тіршілік еткен теңіз фаунасы өкілдерінің көптеген қалдықтарын табуға болады. Ежелгі акулалардың, ихтиозаврлар мен динозаврлардың сүйектері мен тістері, бүгінгі күні табиғатқа беймәлім өсімдіктердің қалдықтары, тасқа айналған ағаштар - бұл сан алуан түрлерді тізбектеп өту мүмкін емес. Бұл бір уақытта осы жерде қайнаған тіршіліктің болғандығын аңғартады. Бұл жерлер әр зерттеуші үшін қызықты аймақ, ал оның жел мен судың әсерінен пайда болған тамаша борлы пейзаждары еріксіз көз тартады.

Сол кезеңде тіршілік еткен жануарлардың тасқа айналған қазба қалдықтары Атырау облысы тарихи - өлкетану музейіне қарасты Палеонтология бөлімшесінің экспозициясынан орын алған. 

 Палеонтология музейі Атырау облысының геологиялық өткен тарихындағы жануарлар әлемінің сан алуандығы мен байлығын айқындап, бейнелейді және басым бөлігі облысымыздың аумағында жиналған ежелгі жануарлардың қаңқалары мен сүйектерінен құралған, яғни экспозициялық залда хронологиялық мөлшері 500 миллион жыл бұрын кембрий кезеңінен бастау алып, голоцен деп аталатын бүгінгі уақытқа дейінгі кезеңді қамтитын жәдігерлер жинақталған. 

Палеонтология музейінің экспозициялық залындағы деректер өлкемізде бұдан бірнеше миллион жылдар бұрын тіршілік еткен жануарлар дүниесінен мағлұматтар береді. Жалпы, жер бетінде адамдар пайда болғанға дейінгі кезеңнің куәсі саналатын палеонтологиялық коллекциялардың барлығы қордағы өте сирек кездесетін бірегей құндылықтарды құрайды. Жалпы, жер бетінде адамдар пайда болғанға дейінгі кезеңнің куәсі саналатын палеонтологиялық коллекциялардың барлығы қордағы өте сирек кездесетін бірегей құндылықтарды құрайды. Музейде басаяқты ұлулар (аммониттер, белемниттер), қосжақтаулы, бауыраяқты, қармалауышты ұлулар, губкалар, құрттар, теңіз маржандары, тікентерілілер тобының өкілдері (теңіз лалагүлдері, теңіз кірпілерінің тасқа айналған қазба қалдықтары), ежелгі балықтардың омыртқалары, жүзбеқанаттары, құйрықтары, акулалардың, скаттардың тістері, тасқа айналған плезиозавр мен ихтиозаврдың сүйектері мен омыртқалары, мозазаврдың тісі, тасқа айналған ағаш бөліктері, теңіз түбінің бөліктері және тағы басқа да көптеген жәдігерлер жинақталған. 

Музейдегі тарихи-танымдық көрмелер, дәрістер, тақырыптық экскурсиялар, әртүрлі форматтағы жобалар, барлығы да музейге келушілер үшін жүзеге асырылуда. Осының нәтижесінде музейге келушілердің саны жылдан-жылға артып келеді.

Палеонтологи музейінің негізін қалауға себепкер болған, өлкеміздегі ең алғашқы Палеонтология саласын зерттеуші маман, бар өмірін осы саланы зерттеуге арнаған Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Үздік өлкетанушы Юрий Пастухов. Юрий Александрович палеонтологиялық зерттеу жұмыстарын 1986 жылдан бастап, 30 жылға жуық уақыт бойы өлкеміздің Ақкерегешың және Ақтолағай борлы қыраттарына экспедициялар ұйымдастырды. Осы уақыт аралығында көптеген ежелгі теңіз жануарларының тасқа айналған қазба қалдықтарының құнды қоллекциясы жинақталды. Бүгінгі күні табиғат тарихының куәгерлері, өткен күндердің ұнсіз айғағындай болған бұл жануарлардың біздің де жерімізде тіршілік еткенін көрермендер музей залдарынан ғана көре алады.

Жұмыс уақыты 9:00 - 18:00
Билет құны 300 тг.
Веб-сайт atyrau-museum.kz
Мекенжайы Атырау облысы, Атырау қаласы, М. Әуезов көшесі 1.
Scroll to Top