Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Махамбет тарихи-өлкетану музейі

Махамбет тарихи-өлкетану музейі алғаш рет 1978 жылы қоғамдық негізде ұйымдастырылды. Ол кезде музей аудандық мәдениет үйінің бір бөлмесінде орналастырылып, халыққа алғашқы қызметін ұсынды. Музей жұмысын ұйымдастыру мен алғашқы экспонаттарды жинақтау ісі аудандық партия комитетінің тапсырмасы бойынша соғыс және еңбек ардагерлері Қыдыр Есімов, Хасен Елеусинов және Сембай Бердімұратовқа жүктелген болатын. Бұл азаматтардың қажырлы еңбегінің арқасында музейдің іргетасы қаланып, тарихи мұралар жинақтала бастады.

1985 жылы музейге арнайы жаңа ғимарат салынып, онда қоғамдық негіздегі директор ретінде Сембай Бердімұратов қызмет атқарды. Осы кезеңде музей жұмысы жанданып, экспозициялық қоры едәуір толықты. Ал 1987 жылы бұл қоғамдық негіздегі музей ресми түрде Мемлекеттік Махамбет тарихи-өлкетану музейі мәртебесін алып, өзінің даму жолында жаңа белеске көтерілді.

2003 жылы ұлы ақын, батыр әрі күрескер Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына орай, музейге заманауи жаңа екі қабатты ғимарат берілді. Бұл ғимараттың жалпы құрылыс аумағы 567 шаршы метрді құрайды. Ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталып, тарихи жәдігерлерді сақтауға және көрермендерге таныстыруға толық мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Махамбет тарихи-өлкетану музейінің жалпы экспонаттар қоры 5 062 бірлікті құрайды. Бұл жәдігерлер - өлке тарихынан, этнографиясынан, археологиясынан, әдебиеті мен мәдениетінен сыр шертетін баға жетпес мұралар.

Музейдегі экспозициялар келесі тақырыптық бағыттар бойынша топтастырылған:

1. «Археология залы» - бұл залда Сарайшық қаласының қазба жұмыстары кезінде табылған бірегей жәдігерлер қойылған. Олардың қатарында қыштан жасалған құмыралар, күйдірілген кірпіштер, мыс қасықтар, түрлі-түсті тас моншақтар және көне ыдыс-аяқ сынықтары бар. Бұл экспонаттар ортағасырлық Сарайшық қаласының дамыған мәдениеті мен қолөнерінен мол мағлұмат береді.

2. «Этнография залы» - бұл бөлімде ХІХ-ХХ ғасырларда Махамбет өңірінде өмір сүрген қазақ халқының күнделікті тұрмысында қолданылған бұйымдар топтастырылған. Олардың қатарында ағаштан, теріден, жүннен жасалған тұрмыстық заттар, киіз үйдің жабдықтары, зергерлік әшекейлер және ұлттық киім үлгілері бар. Бұл жәдігерлер ата-бабаларымыздың өмір салты мен рухани мәдениетін терең танытады.

3. «Махамбет Өтемісұлына арналған зал» - бұл зал музейдің негізгі әрі ең маңызды бөлімдерінің бірі. Мұнда көрнекті ақын әрі батыр Махамбет Өтемісұлының өмірі мен күрескерлік жолын сипаттайтын жәдігерлер қойылған. Атап айтқанда, атақты мүсінші-антрополог Ноэль Шаяхметовтың туындысы - Махамбеттің реконструкцияланған бас мүсіні ерекше орын алады. Сонымен қатар, ақынның өмір жолына, шығармашылығына, Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысуына байланысты тарихи құжаттар, фотосуреттер мен әдеби туындылар ұсынылған.

Бұдан бөлек, музейде Махамбет бабамыздың туған жері, шежіресі, оның Исатаймен бірге ханға қарсы күресі, тарихи тұлғаның халық жадысындағы орны мен мұрасын ұрпаққа жеткізуге бағытталған танымдық және ғылыми жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 200 тг.
Мекенжайы Атырау облысы, Махамбет ауданы, Махамбет ауылы, Абай көшесі 14
Scroll to Top