М. Өтемісұлы атындағы әдеби-мемориалдық тарихи қорық-музейі
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «М. Өтемісұлы тарихи-мәдени музей-қорығы» бөлімшесі алғашынада 2007 жылы Атырау облысы Индер ауданы Махамбет атындағы орта мектебінің өлкетану музейі болып ашылған. 2012 жылы «М. Өтемісұлы әдеби-мемориалдық музейі» болып қайта құрылды. 2021 жылдың қаңтар айында «М. Өтемісұлы тарихи қорығы» және «М. Өтемісұлы әдеби-мемориалдық музейі» біріктіріліп күні бүгінге дейін «М. Өтемісұлы тарихи-мәдени музей-қорығы» болып жұмыс жасап келеді.
Қорық Атырау облысы Индер ауданы Жарсуат ауылынан 40 шақырым жерде Қарой жазығында орналасқан. Негізі 1992 жылы қаланған қорықтың алып жатырған ауданы 0,96 га құрайды. Махамбеттің бейіті 1958 жылы Орал облысы Тайпақ ауданының тұрғыны Құрақ Бектұрғанов арқылы табылған болатын. 1959 жылы Б.М.Новиковтың жобасымен ақынға ескерткіш орнатылады. 1966 жылы антрополог - ғалым Н.Шаяхметов пен медицина ғылымының докторы Қ. Әбисатов зерттеу мақсатымен Махамбеттің сүйегін қазып алады. 17 жылдан кейін 1983 жылы батырдың сүйегі үлкен салтанатты жиын жасалып, қайта жерленді. 1995 жылы К. Демесіновтың жобасымен Махамбет Өтемісұлына 12 күмбезді мазар салынды. Мазар Республика бойынша маңызды ескерткіштер қатарына енген.
Музей Жарсуат ауылындағы Махамбет атындағы орта мектеп ғимаратында орналасқан. Көлемі 54 шаршы метр. Музей қорында 159 жәдігер, 1 экспозициялық зал бар.
Музейдің басты мақсаты тарихи ескерткішті қорғау, сақтау, Махамбет рухына тағзым ету мақсатымен келген меймандарға ақын өмірі мен мазары жөнінде ақпарат беру, ақынға арналған әдеби шаралар, танымдық сабақтар ұйымдастыру.
Жаңа, тың мәліметтер жинақтау мақсатында музейді жәдігерлермен толықтырып отыру да қолға алынған. Ақынның өмірін зерттеуге елеулі үлес қосып жүрген Махамбеттанушылар, Махамбет сыйлығының лауреаттары мен олардың отбасыларымен байланыс жасалып еңбектері музей қорына қабылданды.
Музей залында Махамбет Өтемісұлының өмірбаяны, шежіресіне арналған экспозиция, Жәңгір ханға, Исатай Тайманұлына арналған экспозициялар, сонымен қоса Махамбеттің бейтінің табылуы және қайта жерлену тарихына арналған экспозиция жасақталған. Махамбеттің күйлері мен олардың шығу тарихына арналған, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаттарына арналған ветриналар көрермен назарына ұсынылған.