Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Арал аудандық тарихи-өлкетану музейі

Арал аудандық тарихи-өлкетану музейі - Қызылорда облысының Арал өңіріндегі тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау мақсатында қызмет атқаратын маңызды ғылыми-мәдени мекемелердің бірі. Музей алғаш рет 1988 жылдың 25 маусымында ашылып, сол жылдың 5 тамызында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен дербес мемлекеттік музей мәртебесін алды. 2019 жылдың ақпан айынан бастап, музей Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылымдық филиалы ретінде қайта ұйымдастырылды.

Музейдің экспозициялық мазмұны мен ғылыми қоры Арал өңірінің көне және жаңа тарихын, мәдени-рухани құндылықтарын, табиғи және әлеуметтік-экономикалық дамуын жан-жақты көрсетеді. Музей қорында 11 110-нан астам жәдігер жинақталған. Олардың ішінде археологиялық және этнографиялық бұйымдар, тарихи құжаттар, фотосуреттер, ұлттық киімдер, қолөнер туындылары, музыкалық аспаптар, тұрмыстық заттар, сонымен қатар Арал өңірінен шыққан танымал өнер иелері мен қоғам қайраткерлеріне қатысты материалдар сақталған.

Экспозицияда Нұртуған Кенжеғұлұлы бастаған, Арал өңірінің әдеби-мәдени кеңістігінде өзіндік орны бар ақындар, жыраулар, сазгерлер, суретшілер, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері мен Мәдениет қайраткерлерінің шығармалары мен фотоматериалдары кеңінен ұсынылған. Сонымен қатар танымал суретшілердің картиналары мен заманауи бейнелеу өнері үлгілері де экспозицияның бір бөлігін құрайды.

Музейде келесі бес негізгі экспозициялық залдар жұмыс істейді:

1. «Археология мен этнография» залы - Арал өңірінің ежелгі және ортағасырлық археологиялық ескерткіштерін, сондай-ақ дәстүрлі тұрмыс пен этнографияға қатысты жәдігерлерді қамтиды.

2. «Өнер мен әдебиет» залы - Арал топырағында туған ақын-жазушылардың, жыраулар мен термешілердің шығармашылық мұрасын, көркемөнер мен әдебиет саласындағы жетістіктерді көрсетеді.

3. «Өлке тарихы» залы - Арал қаласының және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, балық шаруашылығы, инфрақұрылым, табиғи өзгерістер туралы деректерге негізделген.

4. «Тәуелсіз Қазақстан» залы - Егемендік алғаннан кейінгі өңірдің даму бағыттары, мемлекеттің саяси және экономикалық жетістіктері, жаңғыру кезеңіндегі өзгерістерді баяндайды.

5. «Галерея» залы - заманауи бейнелеу өнері, фотосурет көрмелері, уақытша және көшпелі көрмелер өткізуге арналған.

Арал ауданының материалдық және рухани мұрасын жинақтау, сақтау, ғылыми тұрғыда зерттеу және оны келешек ұрпаққа жеткізу болып табылады. Сонымен қатар, музей жергілікті халықтың тарихи санасын қалыптастыру, патриоттық тәрбие беру, мәдени туризмді дамыту бағытында белсенді жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл мекеме аймақтың тарихи жадысын жаңғыртуға және елдің ұлттық-мәдени бірегейлігін сақтауға елеулі үлес қосып келе жатқан ғылыми-ағартушылық орталық ретінде ерекше маңызға ие.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 300 тг.
Веб-сайт museum-kyzylorda.kz
Мекенжайы Қызылорда облысы, Арал қаласы, Есетов көшесі 9
Scroll to Top