Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейі

«Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК-нің «Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейі» филиалы - Қармақшы өңірінің тарихи-мәдени мұрасын жинақтап, сақтау, ғылыми тұрғыда зерделеу және кеңінен насихаттау бағытында жұмыс жүргізетін ғылыми-мәдени мекеме. Музей Қазақстан Республикасының мәдени саясат тұжырымдамасына сай қызмет атқара отырып, Қармақшы ауданының археологиялық, этнографиялық, табиғи және әлеуметтік-экономикалық даму үдерістерін көпшілікке ғылыми-танымдық негізде таныстыруды мақсат етеді.

Аталған мекеме 2015 жылғы 27 сәуірде Қармақшы ауданы әкімдігінің №704 қаулысы негізінде «Қармақшы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің құрылымында «Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны ретінде құрылған. 2015 жылдың қыркүйек айында музей арнайы салынған жаңа типтік ғимаратқа көшіріліп, толыққанды экспозициялық қызметін бастады.

Музейдің жалпы көлемі 605 шаршы метрді құрайды, оның ішінде 313 ш.м. - экспозициялық зал, 190 ш.м. - қор сақтау бөлмесі. Қазіргі таңда музей қорында 6196 жәдігер сақтаулы.

Музей бірнеше экспозициялық залдардан тұрады, олардың ең негізгілері:

1. «Қармақшы ауданының тарихы» залы - Бұл залда аудан тарихының негізгі кезеңдері тақырыптық бағыттар бойынша жүйеленген:

2. «Алғашқы зерттеушілер» - Сыр өңірін алғаш зерттеген орыс ғалымдары А.И. Бутаков, С.С. Неуструев, Г.В. Никольский, А.И. Макшеев туралы мәліметтер;

3. «Табиғат» және «Археология» - өңірдің табиғи ерекшеліктері мен археологиялық қазбалар негізінде алынған жәдігерлер;

«Этнография», «Марал ишан», «Ұлы Отан соғысы», «Жосалы механикалық зауыты», «Мәдениет», «Спорт», «Білім», «Медицина», «Ауыл шаруашылығы», «Жыраулар», «Байқоңыр ғарыш айлағы», «Тәуелсіз Қазақстан» сияқты бөлімдерде ауданның тарихи-мәдени келбеті кеңінен қамтылған.

Экспозицияда келесі тарихи-археологиялық және мәдени нысандарға қатысты жәдігерлер мен деректер ұсынылған:

• Сақ дәуіріне жататын Шірік-Рабат, Бәбіш Мола, Баланды қалашықтары;

• Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері: Алтынасар, Қосасар, Тікасар, Томпақасар және басқа да асарлар;

• Ортағасырлық сәулет өнері ескерткіштері: Сырлытам кесенесі, Еламан мұнарасы, Марал ишан, Қалқай ишан мешіттері, Қорқыт ата кесенесі;

• Ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Шахнама» дастанының көшірмесі;

• ХХ ғасырда Ресейден әкелінген тұрмыстық бұйымдар.

«Тәуелсіз Қазақстан» экспозициясы - бұл бөлімде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері - Ту, Елтаңба, Әнұран және еліміздің егемендік алған сәттен бергі Қармақшы ауданының түрлі саладағы жетістіктері көрсетілген. Сондай-ақ, «Қорқыт Ата» мемориалдық кешені мен «Байқоңыр» ғарыш айлағының макеттері орналасқан.

Музей археологиялық зерттеулерге белсенді қатысып келеді. Алматы қаласындағы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының мамандарымен бірлесе отырып, Қармақшы ауданындағы тарихи-мәдени ескерткіштерге археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Қазба барысында табылған көне жәдігерлер тарихи-мәдени мұра ретінде музей қорына өткізіліп, экспозицияға енгізілген.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 300 тг.
Веб-сайт museum-kyzylorda.kz
Мекенжайы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кенті, Құнанбаев көшесі 101
Scroll to Top