Шу аудандық тарихи-өлкетану музейі
Шу аудандық тарихи-өлкетану музейі Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төлеби ауылы, Балуан Шолақ көшесі №199 мекенжайында орналасқан. Музей ғимараты 2019 жылғы 29 тамызда салтанатты түрде ашылып, халық игілігіне берілді.Мекеме алғаш 1986 жылы қоғамдық негізде құрылған, 1989 жылдан бастап Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің аудандық бөлімі ретінде жұмыс істейді.
Ғимарат бір қабатты, жалпы аумағы - 318 м², оның ішінде экспозициялық залдардың көлемі - 259 м². Музей экспозициясы тас дәуірінен бастап Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейінгі Шу өңірінің тарихы мен мәдениетін қамтыған бес бөлімнен тұрады.
Шу аудандық тарихи-өлкетану музейі - тарихи деректерді, көне ескерткіштерді, ата-бабадан қалған мәдени мұраны зерттеп, жинақтап, сақтайтын әрі ұрпаққа жеткізетін ғылыми және рухани орталық. Музейдің негізгі міндеті - жас ұрпаққа туған өлкенің тарихын таныту, ұлттық құндылықтарға сүйіспеншілігін арттыру және отансүйгіштікке тәрбиелеу. Музейдің басты қызметі:
- Ғылыми-зерттеу және қор жұмысы: жәдігерлерді жинақтау, есепке алу, сақтау және ғылыми айналымға енгізу.
- Мәдени-ағарту қызметі: көрмелер, дәрістер, музей сабақтары, экскурсиялар ұйымдастыру.
- Тәрбиелік бағыт: қоғам мүшелерін, әсіресе жастарды тарихи сана мен патриоттық рухта тәрбиелеу.
Шу аудандық тарихи-өлкетану музейінде қор жұмысы жоспарлы түрде жүргізілді. Музей қоры - музей қызметінің негізгі бағыттарының бірі ретінде ғылыми есепке алу, сақтау және толықтыру жұмыстарын қамтиды.