М. Мәметова мемориалдық музейі
Мәншүк Мәметова мемориалдық музейі - Қазақстанның тарихи-мәдени мұра нысандарының бірі ретінде ерекше маңызға ие. Музейдің құрылуына Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың анасы Әмина Сүлейменқызының бастамасымен ұсыныс жасалған. Бұл ғимарат - Мәметовтар отбасы тұрған, сол кезеңде ғылыми және көркемөнер саласындағы зиялы қауымның бас қосатын орнына айналған тарихи мекен. Осындай рухани орта Мәншүк Мәметованың тұлғалық қалыптасуына елеулі ықпал етті. 1932 жылы Батыс Қазақстан облысының құрылуына байланысты, Ахмет Мәметов пен Әмина Сүлейменқызы Орал қаласына жоғары білімді мамандар ретінде шақырылып, жаңадан ашылып жатқан білім беру мен денсаулық сақтау салаларында басшылық қызметке тағайындалды. Мемлекет тарапынан оларға қазіргі Нариманов көшесі № 51 үйден қызметтік пәтер берілді. Қазіргі таңда бұл ғимарат - Мәншүк Мәметова мемориалдық музейі ретінде қызмет етеді. Мәметовтар отбасы осы үйде 1932-1934 жылдары өмір сүрген. Мәншүк Мәметова осы кезеңде Орал қаласындағы №4 мектептің 3-4 сыныптарында оқып, ұстазы Валентина Григорьевна Зайцеваның жетекшілігінде білім алды.
Музейдің ресми түрде ашылуы 1982 жылдың 3 маусымында, Мәншүк Мәметованың туғанына 60 жыл толуына орай өткен «Әкелер даңқы жолымен» атты IX республикалық жиын аясында жүзеге асқан. Бұл туралы №359 шешім қабылданған. Мекеме Кеңес Одағының Батыры М. Мәметованың ерлігі мен өмір жолын мәңгі есте қалдыру мақсатында құрылған.
Мемориалдық музейдің құрылымы 5 негізгі экспозициялық залдан тұрады:
1. Кіріспе зал - бұл бөлімде 1944 жылы 1 наурызда Мәскеудегі Кремльде КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен М.Мәметоваға берілген Кеңес Одағының Батыры атағы туралы грамота мен 1944 жылдың 3 маусымында Қазақстан КП(б) Орталық Комитетінің хатшысы Ж. Шаяхметов және Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Н. Бабкин қол қойған №200 қаулы ұсынылған.
2. Мәметовтер залы - бұл экспозицияда Ахмет Мәметов пен Әмина Сүлейменқызының фотосуреттері, ресми құжаттары, кітаптары, сондай-ақ Мәншүк Мәметованың жеке заттары (қайшы, қамшы), хаттары мен суреттері жинақталған. Сонымен қатар, генерал-майор Шәкір Жексенбаев пен Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұловтың әскери киімдері, Мәметованың майдандас серіктері Сұлтан Жиенбаев пен Әзілхан Нұршайықовтың жеке қолданған заттары (қалам, көзілдірік, кітаптар және т.б.) да көрмеге қойылған.
3. Мемориалдық зал - бұл бөлімде М. Мәметованың отыруға арналған орындығы, сөмке-конверті, анасының самауырны, батыр қызға көйлек тіккен «ZINGER» тігін машинасы, Мәметовтар отбасына тиесілі тұрмыстық ыдыс-аяқтар мен басқа да күнделікті қолданған заттар ұсынылған. Экспозиция тұрмыстық мәдениет пен отбасылық өмір көріністерін шынайы түрде жеткізеді.
4. Өнер залы - бұл залда мүсінші Ибрагим Айденовтің «Мәншүктің жастық шағы» атты мүсіні, қолөнерші Аяулы Жамелованың «Дала қызы» гобелені, сондай-ақ суретші Бекжан Жұмабаевтың «Тағзым» атты графикалық туындысы қойылған. Бұл туындылар батыр қыздың бейнесін өнер тілінде сипаттап, келушілерге терең эстетикалық әсер қалдырады.
5. Ұлы Отан соғысы залы - бұл залда Мосин винтовкасы, «Кольт» карабині, әскери ұшқыш, «Халық қаһарманы» Хиуаз Доспанованың марапаттары мен құжаттары, Сталинград шайқасына қатысқан жерлестердің ордендері, медальдары мен фотоматериалдары жинақталған. Сондай-ақ Курск шайқасы кезінде табылған снаряд қалдықтары мен Псков облысының Новоскольники ауданы және Бөкей ордасы ауданындағы Шоңғай ауылы маңынан табылған авиациялық бомбаның жарықшақтары да көрмеге енгізілген.
Музейдің ерекше залдарының бірі - диорама залы, мұнда заманауи 3D технологиялары арқылы «Мәншүктің өшпес ерлігі» атты тарихи көрініс көрермен назарына ұсынылады. Бұл мультимедиалық композиция М. Мәметованың ерлік жолын көрнекі түрде жеткізіп, келушілерге терең эмоциялық әсер қалдырады.
М. Мәметова мемориалдық музейі - тарих пен ерлік тағылымын ұрпақ санасына сіңіретін маңызды рухани-мәдени орталық болып табылады. Ол қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, тарихи жадыны сақтау және болашақ ұрпаққа батырлықты үлгі ету бағытындағы қызметін жалғастырып келеді.