Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалды музейі

Сүйінбай Аронұлы атындағы әдеби-мемориалдық музей - қазақ халқының ХІХ ғасырдағы көрнекті ақыны, суырыпсалма дәстүрдің дара тұлғасы Сүйінбай Аронұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын танытатын рухани-мәдени мекеме. Музей құрылысы көпшілік бастамасымен 1991 жылы Жамбыл облысы, Қарақыстақ ауылында басталып, 1996 жылы пайдалануға берілген. Оның салтанатты ашылуы Сүйінбайдың шәкірті, ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, тарихи сабақтастықтың айқын көрінісін танытты.

Музейдің жалпы аумағы 402 шаршы метрді құрайды, ал экспозициялық зал көлемі - 250 шаршы метр. Ғимараттың сәулеттік шешімі шығыстық үлгіде орындалып, ұлттық мәдени кодты бейнелейді. Музей ауласында мәрмәр тастан жасалған Сүйінбай ақынның мүсінді бюсті орнатылған. Ішкі құрылымы фойе мен екі кең экспозициялық залдан тұрады. Қазіргі таңда музей қорында 936 жәдігер тіркелген, олардың қатарында әдеби, тарихи, этнографиялық және архивтік маңызы бар құнды экспонаттар бар.

Экспозиция құрылымы ақын өмірі мен шығармашылығын кезең-кезеңмен жүйелі түрде таныстыруға бағытталған. Экспозиция тоғыз бөлімге бөлінген:

1. Сүйінбайдың балалық шағы мен өскен ортасы

2. Ақын болып қалыптасу кезеңі

3. Сүйінбайдың ұрпақтары

4. Көрме залы

5. Батырлық жырлар дәстүрі

6. Айтыс өнеріндегі орны және қарсыластары

7. Ақындық дәстүрді жалғастырушылар

8. Әдеби мұрасын зерттеушілер

9. Ақынға арналған арнау шығармалар

Экспозиция мазмұны Сүйінбайдың азаматтық көзқарасы, рухани болмысы, поэтикалық қуаты мен замана тынысын терең сезінген философиялық дүниетанымын кеңінен ашады. Оның поэзиясы - жаугершілік замандардың елдік сарындарын, әлеуметтік әділеттілікке үндейтін үні мен халықтың мұң-мүддесін бейнелейтін көркем туындылар жиынтығы. Музей қорында сондай-ақ Сүйінбай ақынның шығармаларының қолжазбалары, оның ұрпақтарының фотосуреттері, өмір жолына қатысты архив құжаттары, би ретінде атқарған қоғамдық қызметіне байланысты мөрі мен құжаттары сақталған. Сонымен қатар шәкірті Жамбыл Жабаевтың шығармалары, Халық қаһарманы, сазгер Нұрғиса Тілендиевтің Сүйінбай мен Жамбылға арнап шығарған «Ақиық» және «Сарын» күйлерінің ноталық нұсқалары - ерекше құнды жәдігерлер қатарында.

Музей экспозициясы археологиялық артефактілермен де толықтырылған. Солардың ішінде Қарақыстақ аумағынан табылған VI-VII ғасырларға тән балбал тас, Есік қаласынан әкелінген тайқазан, бөрілі байрақ, және сол дәуірге тән қару-жарақ үлгілері ерекше орын алады. Бұл жәдігерлер арқылы музей экспозициясы тек әдеби мұрамен ғана шектелмей, қазақ халқының тарихи-мәдени контекстін де қамтиды.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 500 тг.
Мекенжайы Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаракастек ауылы, Қалибеков 1
Scroll to Top