Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Көркемсурет галереясы

«Көркемдік-бейнелеу өнері галереясы» - Жамбыл облысының бейнелеу өнері саласындағы жаңа мәдени бастамалардың бірі ретінде 2019 жылы облыстың 80 жылдық мерейтойына орай «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің аумағында ашылған. Бұл көркемөнер орталығы заманауи бейнелеу өнерін көпшілікке таныстыру, жергілікті және халықаралық суретшілердің шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, сондай-ақ жастардың көркемдік-эстетикалық тәрбиесін дамыту мақсатында құрылды.

Галерея ғимараты сәулеттік тұрғыдан заманауи талаптарға сай жобаланған және жалпы ауданы 3000 шаршы метрден асады. Екі қабатты кешеннің бірінші қабатында көлемі 600 шаршы метрді құрайтын үлкен көрме залы, Брюммер залы, гобелен сақтауға арналған арнайы қор, зертхана және келушілерге арналған гардероб орналасқан. Мұндай функционалды құрылым галереяның кең көлемді көрмелер ұйымдастыруына, әртүрлі жанрлар мен стильдердегі шығармаларды орналастыруына мүмкіндік береді.

Галереяның ашылу салтанаты аясында алғашқы көрме ретінде Қазақстан Суретшілер одағының көрнекті кескіндемеші-суретшілерінің туындыларынан тұратын «Қазақстанның бейнелеу өнері» атты ауқымды көрме жұртшылық назарына ұсынылды. Экспозицияда Өмірәлі Жұбаниязов, Айдар Казгулов, Серікжан Әльжанов, Жанат Қайрамбаев, Төлеубек Қожагұлов, Өмірбек Есенбаев сынды танымал қылқалам шеберлерінің көрнекті туындылары қойылды. Сонымен қатар, Жамбыл өңірінен шыққан ҚР Суретшілер одағының мүшелері - Қанат Аманқосов, Самат Азизов, Галина Тян, Рустам Сапаралиева, Қуаныш Темірхан, Асан Назарқұл, Николай Денисов және басқа да суретшілердің еңбектері көрерменге ұсынылды. Көрмеден өңірлік жас суретшілердің тың ізденісін танытатын шығармалары да ерекше орын алды.

Галереяда тұрақты және ауыспалы көрмелер, жеке суретшілердің шығармашылық көрмелері, балалар сурет байқаулары мен шеберлік сағаттары, арт-терапиялық сабақтар мен квесттер өткізіледі. Бұл көркемдік орталық тек өнер туындыларын тамашалау алаңы ғана емес, сонымен қатар мәдениетаралық диалог пен шығармашылық ынтымақтастықты дамыту орталығы ретінде де маңызды.

Галереяның қызметі қазіргі заманғы қазақстандық бейнелеу өнерінің дамуына, ұлттық көркемдік мектептің ерекшеліктерін кеңінен танытуға, өнер иелерінің кәсіби деңгейін арттыруға және өскелең ұрпақтың көркемдік талғамын қалыптастыруға бағытталған.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 500 тг.
Мекенжайы Жамбыл облысы, Тараз қаласы, Төле би даңғылы 18/3
Scroll to Top