Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Н. Оңдасынов атындағы музей

Нұртас Оңдасынов музейі - Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала елі» орталығына қарасты мәдени мекеме болып табылады. Музей көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Министрлер Кеңесін 13 жыл басқарған Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың өмірі мен қызметіне арналған. Музейдің негізгі мақсаты - Нұртас Оңдасыновтың саяси, мәдени және ағартушылық мұрасын сақтау, зерттеу және өскелең ұрпаққа насихаттау. Экспозициялар тұлғаның өмір жолы, елге сіңірген еңбегі мен тарихи рөлі арқылы ұлттық сана мен рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.

Музей 2004 жылы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың 100 жылдық мерейтойына орай, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің шешімімен «Түркістан қаласындағы тарихи-мемориалдық музей» мемлекеттік мекемесі ретінде құрылған. 2007 жылы аталмыш мекеме «Түркістан қаласындағы тарихи-мемориалдық музей» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып қайта ұйымдастырылды. Музей орналасқан ғимарат 1904 жылы салынған тарихи нысан болып табылады.

Музей экспозициясы төрт көрме залынан тұрады:

Алғашқы зал - Нұртас Оңдасыновтың бюсті мен даналыққа толы қазақ мақал-мәтелдеріне арналған. Мұнда тұлғаның танымдық-рухани көзқарастары бейнеленеді.

Екінші залда - қайраткердің өмірбаяны, мемлекеттік қызметі туралы мәліметтер, қызмет бабында алған құжаттары, қолжазбалары және Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының макеті қойылған.

Үшінші зал - Нұртас Оңдасыновтың шығармашылық мұрасына арналған. Бұл залда оның жұмыс дәптерлері, жеке кітапханасы, жазушылар қолтаңбасымен берілген кітаптар, «Арабша-қазақша», «Парсыша-қазақша» сөздіктері мен ғылыми-түсіндірме еңбектері, сондай-ақ өзі пайдаланған баспа машинкасы мен әдеби мұралары қойылған.

Төртінші залда - қайраткердің жеке тұтынған заттары мен киімдері, сондай-ақ Қазақстандағы алғашқы кәсіби мүсінші Хакимжан Наурызбаевтың отбасылық фотосуреттері мен еңбектері, оның ұлы Нұртас Наурызбаевтың Нұртас Оңдасыновқа арнаған мүсіні қойылған.

Жұмыс уақыты 09.00-18.00
Билет құны 500 тг
Scroll to Top