Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Шалқар ауданының тарихи-өлкетану музейі

«Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі» 1987 жылдың 6 қарашасында құрылған. Музей орналасқан ғимарат алғаш рет 1955 жылы салынған. Бұл ғимарат 1986 жылғы 21 қазандағы №24 Қаулы негізінде музей қажеттілігіне бейімделіп, музей ретінде ашылды.

Музей алғашқы кезеңде қоғамдық негізде құрылып, 4 залмен және 500-ге жуық экспонатпен жабдықталған болатын. Қазіргі таңда музей құрылымы мен қор көлемі айтарлықтай кеңейіп, 8 бөлімнен тұратын мекеме құрамында 12 790 экспонат жинақталған. Музейдің жалпы аумағы - 390 шаршы метрді құрайды. Заманауи талаптарға сай жаңа технологиялық инновациялар енгізілген.

Музей 8 негізгі экспозициялық залдан тұрады:

1. «Этнография» залы - бұл залда ата-бабадан ұрпаққа мұра ретінде жеткен тұрмыстық бұйымдар, қолөнер шеберлерінің туындылары мен үй жиһаздары қойылған. Экспозиция қазақ халқының дәстүрлі өмір салты мен мәдениетін танытуға бағытталған.

2. «Батырлар» залы - залда өңір тарихында ерекше орын алатын, ел мен жерді ішкі және сыртқы жаулардан қорғаған батыр бабаларымыздың өмірі мен ерлік жолдары қамтылған.

3.«Өнер» залы - Ауданның рухани және мәдени өміріне үлес қосқан тұлғалар - баспасөз өкілдері, композиторлар, күйші Қазанғаптың шығармашылығы, ақын-жыраулар, мәдениет қайраткерлері, ардагер ұстаздар мен спорт шеберлері туралы мәліметтер топтастырылған.

4. «1920-1940 жылдардағы ауыл шаруашылығы» залы - бұл бөлімде ауыл шаруашылығының даму кезеңдері, теміржол саласының тарихы, қуғын-сүргін құрбандары, сондай-ақ өңірдегі азамат соғысы кезеңі туралы материалдар ұсынылған.

5.«Ұлы Отан соғысы» залы - 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысына қатысқан жергілікті майдангерлердің, №101 атқыштар бригадасы құрамындағы жауынгерлердің, партизандардың, тыл еңбеккерлерінің, Ауғанстан соғысы ардагерлері мен шекарашылардың ерлік жолдары баяндалады.

6.«Тәуелсіздік» залы - бұл залда Қазақстанның егемендік алғаннан кейінгі жетістіктері, Социалистік Еңбек Ерлері, медицина саласының көрнекті қызметкерлері, генерал-майорлар, мемлекеттік рәміздер мен Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі туралы материалдар ұсынылған.

7. «Табиғат» залы - өлкенің табиғи байлығы мен экожүйесін сипаттайтын аң-құстар, Шалқар көлі, Арал маңы тәжірибе стансасының тарихы мен алпинизмге қатысты материалдармен танысуға болады.

8.«Рухани жаңғыру» залы - Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасақталған бұл залда тарихи-мәдени мұралар - қыш құмыралар, көне ыдыстар, ер тұрмандар, шоқ үтіктер, саптама етік, кебістер, ұршық, тарақтар және басқа да этнографиялық бұйымдар топтастырылған.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 500 тг.
Веб-сайт www.shalkar-muzei.kz
Мекенжайы Ақтөбе облысы, Шалқар қаласы, Есет Көтібарұлы көшесі 35
Scroll to Top