Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Бөрлі тарихи-өлкетану музейі

Бөрлі аудандық өлкетану музейі - Батыс Қазақстан облысындағы тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау және насихаттауға бағытталған өңірлік ғылыми-ағартушылық мекемелердің бірі. Музей 2000 жылдың қаңтар айында құрылып, сол уақыттан бері туған өлке тарихының айнасы, мәдени-рухани білім беру орталығы ретінде қызмет атқарып келеді.

Музейдің құрылу мақсаты - ұлттық және өңірлік деңгейдегі тарихи, этнографиялық, мәдени құндылықтарды жинақтау, жүйелеу және келешек ұрпаққа жеткізу арқылы азаматтық жауапкершілігі жоғары, отансүйгіш тұлғаны қалыптастыруға ықпал ету. Сонымен қатар, музейлік маңызы бар жәдігерлерді сақтау, оларды ғылыми айналымға енгізу, көрме ұйымдастыру және білім беру саласында пайдалану - мекеме қызметінің басты бағыттары болып табылады. Бөрлі музейінің қорын қалыптастыруда жергілікті тұрғындар белсенді қатысып келеді. Жәдігерлер музейге сатып алу, сыйға тарту немесе уақытша пайдалануға беру жолдарымен қабылданады. Бұл тәжірибе өңір халқының туған жер тарихына деген жанашырлығын және мәдени мұраға деген жауапкершілігін көрсетеді. Бүгінгі таңда музей қорында бірнеше мыңдаған құнды экспонаттар сақталған, олардың қатарында этнографиялық бұйымдар, құжаттық деректер, фотоматериалдар, тұрмыстық заттар мен өндірістік құрал-жабдықтар бар.

Музей құрылымында келесі тақырыптық залдар жұмыс істейді:

1. «Қазақ халқының этнографиясы» залы - дәстүрлі тұрмыс-тіршілік, қолөнер, киім-кешек, ұлттық ырым-тыйымдар, музыкалық аспаптар мен отбасылық мәдениет үлгілері ұсынылған. Бұл зал қазақ халқының рухани және материалдық мәдениетін жан-жақты танытады.

2. «Азаматтық және Ұлы Отан соғысы тарихы» залы - XX ғасырдың ірі тарихи оқиғалары, Бөрлі өңірінен шыққан майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерліктері, жергілікті азаматтардың Отан алдындағы борышын өтеу жолындағы тағдырлары туралы сыр шертетін бөлім.

3. «Теміржолшылар» залы - Бөрлі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан теміржол саласы қызметкерлерінің еңбегін бейнелейтін жәдігерлер мен фотоматериалдар топтамасы.

4. «Тың игерушілер» залы - 1950-1960 жылдардағы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны кезіндегі ауыл шаруашылығының даму кезеңін, жаңадан қалыптасқан елді мекендер мен еңбек адамдарының тұрмысын баяндайтын бөлім.

5. «Халыққа білім беру, мәдениет және спорт» залы - аудан мектептері мен мәдени ошақтарының тарихы, мұғалімдер мен мәдениет қайраткерлерінің қызметі, спортшылардың жетістіктері қамтылған.

6. «Қарашығанақ кен орнының тарихы» залы - Қазақстандағы ірі энергетикалық жобалардың бірі - Қарашығанақ газ-конденсат кен орнының ашылуы, игерілуі, оның аудан экономикасы мен инфрақұрылымына әсері жөніндегі ақпараттар ұсынылған.

7. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздік тарихы» залы - егемен елдің қалыптасуы мен даму кезеңдері, конституциялық және мемлекеттік реформалар, аудан тұрғындарының тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері мен қоғамдық белсенділігі көрсетіледі.

8. «Ауданның флорасы мен фаунасы» залы - Бөрлі өңірінің табиғи ландшафттары, өсімдіктер мен жануарлар әлемі, экологиялық мәселелері мен табиғатты қорғау шаралары қамтылған.

Музей өзінің ғылыми-зерттеу, экспозициялық, білім беру және ағартушылық қызметтерін қазіргі заман талаптарына сай жаңғыртып келеді. Мекеме жергілікті білім беру ұйымдарымен тығыз байланыс орнатып, тарихи-мәдени білімді насихаттауға, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған кешенді іс-шараларды тұрақты түрде жүзеге асырып отыр.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 150 тг.
Веб-сайт www.olke.kz
Мекенжайы БҚО, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласы, 10-ы ықшам аудан 5/2
Scroll to Top