Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі - Қазақстанның орталық өңіріндегі ең көне әрі маңызға ие тарихи-мәдени мекемелердің бірі. Музей 1932 жылдың 7 қарашасында РСФСР Халық ағарту комиссариатының бұйрығына сәйкес құрылған. 1979 жылдан бастап екі қабатты арнайы ғимаратта орналасқан бұл мекеме 1999 жылдың 21 қаңтарынан бастап коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын мәртебесіне ие болды. Қазіргі таңда музей экспозициясы 1800 шаршы метр аумақта орналасқан 14 экспозициялық залдан тұрады. Музей қорында 148 194 сақтау бірлігі бар, оның ішінде негізгі қор - 122 562, ал ғылыми-көмекші қор - 25 632 бірлікті құрайды. 2011 жылы музейде жаңа ақпараттық технологияларды қолдана отырып, кең көлемді реэкспозициялық жұмыстар жүргізілді.

Қазіргі танда музей келесі экспозициялық бағыттарды қамтиды:

1. Табиғат залы - Орталық Қазақстан флорасы мен фаунасының әртүрлілігін көрсететін зал. Мұнда құстардың, сүтқоректілердің, бауырымен жорғалаушылардың және жәндіктердің табиғи экспонаттары ұсынылған. Ерекше назар аударатын көрме - қазақтың дәстүрлі аңшылық өнерін насихаттайтын «Құсбегілік» мектебіне арналған бөлім.

2. Археология залы - Қарағанды облысы аумағында жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған көне тұрақтар мен қорымдардан алынған 600-ге жуық артефактпен таныстырады. Еңбексуйгіш, Майтан, Беғазы-Дәндібай сияқты археологиялық ескерткіштерден табылған заттар көрсетілген. Қарқаралы тауларындағы үңгірдің макеті мен Батпақ тұрағынан алынған алғашқы адамдар құралдары диорамалық форматта ұсынылған. Сондай-ақ руникалық жазуы бар Күлтегін ескерткішінің Орхон-Енисей стеласының көшірмесі де экспозицияның мазмұнын байыта түседі.

3. «Дәстүрлі қазақ қоғамы» залы - қазақ халқының саяси-әлеуметтік құрылымын бейнелейтін құнды мұрағаттық материалдармен толықтырылған. Қазыбек би, Әбілқайыр хан, Абылай хан, Кенесары хан және ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының түпнұсқа хаттары ұсынылған.

4. Кеңестік кезең тарихы залы - Қазақстандағы индустрияландыру және ұжымдастыру үдерістері, репрессия жылдары мен соғыс кезеңдері қамтылған. Қарағанды көмір бассейнінің тарихы толықтай бір зал көлемінде ұсынылған. Мұнда алғашқы геологтар А.А. Гапеев, З.П. Семенова, И.В. Орлов туралы мәліметтер, 1930 жылдардағы фотоқұжаттар, «шатырлы қала» диорамасы көрсетілген.

5. Ғарыш залы - Байқоңыр ғарыш айлағы мен Қарағанды облысының ғарыш тарихындағы орнын сипаттайтын экспозиция. Тоқтар Әубәкіровтің ұшу алдындағы фотосуреттері, жеке заттары, халықаралық ғарыш станциясының макеті және ұшақ аспаптары ұсынылған.

6. «Ата-баба жүздері» залы - Қазақстан аумағында өмір сүрген ежелгі адамдардың портреттік реконструкциясы бойынша жасалған еліміздегі тұңғыш компьютерлік анимациялық экспозиция. Экранда бейнеленген ежелгі адамдар өз тайпаларының мәдениеті, діни нанымдары, күнделікті өмірі жайлы әңгімелейді. Бұл экспозиция ғылыми реконструкция мен цифрлық технологияны тоғыстырған жаңашыл жоба болып табылады.

7. «Сақ мәдениеті» залы - Қарқаралы ауданы Талды-2 қорымында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде табылған алтын бұйымдар мен зергерлік өнер үлгілерін қамтиды. Мұнда Сарыарқаның «Алтын адамының» реконструкциясы мен 200-ге жуық алтын бұйым, 22 000 ұсақ әшекейлер қойылған. Бұл жәдігерлер көшпелі элитаның жоғары деңгейдегі материалдық мәдениетін дәлелдейді.

Музей Қарағанды облысы аумағында археологиялық, этнографиялық зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Соның ішінде Тасарал аралындағы бұрын зерттелмеген Арал мәдениетінің қорғандарын қазу, Абай ауданының ескерткіштерін зерттеу, аумақтық этнографиялық материалдарды жинау сияқты ғылыми экспедициялар маңызды орын алады.

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі - Қазақстан тарихының барлық кезеңдерін қамтитын ғылыми-мәдени орталық ретінде тарихи жадыны сақтау, археология, этнография, табиғаттану және өнертану салаларында іргелі зерттеулер жүргізетін, сондай-ақ қоғамдық сана мен отансүйгіштік рухты қалыптастыруға ықпал ететін бірегей мәдени институт саналады.

Жұмыс уақыты 09:00 - 18:00
Билет құны от 500 тенге
Веб-сайт museum.karaganda.kz
Мекенжайы Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы, Ерубаева 38
Scroll to Top