«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы
«Сарайшық» музей-қорығының іргетасы алғаш рет 1963 жылы қоғамдық бастамалар негізінде қаланды. 1971 жылы мекеме ресми түрде «Сарайшық тарихи-өлкетану ауылдық музейі» атауымен Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде тіркеліп, өз қызметін жалғастырды. Музейдің алғашқы экспозициясы ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының ғимаратында орналастырылды.
1999 жылы «Сарайшық» музей-қорығы құрылымдық және мазмұндық тұрғыдан қайта ұйымдастырылып, 2 мамырда «Хан Ордалы Сарайшық» музей-қорығының негізі қаланды. Сол жылдың 3 қыркүйегінде мекеменің ресми ашылуы өтті. Ал 2018 жылғы 4 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №162 қаулысымен аталмыш мекеме Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын мәртебесін иеленді.
Музей-қорықтың негізгі қызмет саласы - тарихи-мәдени мұраны сақтау, ғылыми тұрғыда зерттеу, сондай-ақ мәдени-ағартушылық және танымдық-туристік бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыру. Осы міндеттер аясында мекеме келесі қызмет түрлерін жүзеге асырады:
• тарихи-мәдени мұра нысандарын зерттеу, қорғау және оларды тиімді пайдалану мақсатындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-әдістемелік және мәдени-білім беру жұмыстары;
• музей ісі саласындағы халықаралық және ведомствоаралық ғылыми-техникалық, мәдени байланыстарды дамыту;
• тарихи-мәдени ескерткіштер мен қорғау аймақтарын, табиғи ландшафтарды және музейлік құндылықтарды сақтау және қорғау шараларын қамтамасыз ету;
• музей қорларын жүйелеу, ғылыми-қор жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ мекеменің басым бағыттарына сәйкес ғылыми тұжырымдамалар әзірлеу;
• тарих және мәдениет мәселелеріне арналған ғылыми және ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру;
• көрмелер мен экспозицияларға арналған тақырыптық-экспозициялық жоспарларды құрастыру және жобалау;
• оқу-әдістемелік құралдар мен ғылыми басылымдар әзірлеу, сонымен қатар музей қорын толықтыру мақсатында фото және бейнематериалдар жинау.
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы - Қазақстанның ортағасырлық тарихын, әсіресе Сарайшық қаласының археологиялық, мәдени және рухани мұрасын зерделеуде маңызды ғылыми-мәдени институт ретінде танылатын бірегей мекеме болып табылады.