«Батыр бабалар» мемориалды музейі
«Батыр бабалар мемориалды» музейі - Алматы облысы, Қарасай ауданы, Райымбек ауылдық округінде орналасқан. Музей, ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылдың сәуір айында халыққа жолдаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асқан ауқымды жобалардың бірі.
«Батыр бабалар мемориалды» музейі - 2017 жылдың 1-қыркүйегінде Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың құттықтау сөз сөйлеуімен ашылған болатын.
Батыр бабалар мемориалды музейі «М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі» басшысының 2017 жылдың 26 желтоқсанындағы №86-ө бұйрығы негізінде құрылды.
Музейдің жалпы аумағы 804.4 шаршы метрді құраса, ал көрме экспозициялық залы 615,95 шаршы метрді қамтиды.
Мемориалды кешеннің архитектуралық жобасын жасаған Елдос Елмұратұлы болса, ішкі экспозициялық жұмыстарын жүргізген Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, академик Шәміл Қожаханов басқаратын «ЗаманТу» ЖШС-і.
Музейдің сыртқы архитектуралық көрінісі ежелгі - сақ қорғандарын еске түсіреді.
Оның төбесі күмбезделе жабылып, тұғыр үстіне жауынгердің бесқаруының бірі - найза қойылған. Найзаның тұғырынан - жебесінің ұшына дейінгі биіктігі - 25 метрді құрайды. Ол, «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» арнап қойылған.
Музей коллекциясы қатарында жалпы саны 200-ден астам сақтау бірлік артефактілер сақталған.
Музей бір залдан, үш тақырыптық-экспозициялық бөлімнен тұрады.
Музейдің бірінші экспозициялық бөлімі - ежелгі сақ заманынан бастап - күні бүгінге дейінгі қазақ тарихының кезеңдерін көрсеткен фотоматериалдар мен суретші С.П. Пожарскийдің салған Сақ-Парсы (б.д.д. 530 жж.) және Орбұлақ (1643 ж.) пен Аңырақай шайқасына (1729 ж.) арналған көлемді панорама орын алған.
Екінші экспозициялық бөлімі - қазақ тарихындағы әйгілі хандар мен билерге арналса ал, үшінші бөлімі - жаугершілік замандағы атақты жауынгер батырларға арналған портреттік галереядан тұрады. Музейдің орталық алаңына жауынгер батырларға арнап - «Батыр бабаларға тағзым» - атты кешенді ескерткіш қойылған.
Сонымен қатар, музейдің сыртқы жағы айналдырыла барельефті экспозициямен жалғасын тапқан. Мемориалды кешеннің екі жанына 1969 жылғы Есік қорғанынан табылған (б.з.б. V-III ғғ.) «Алтын адамның» бас киіміне тағылған әшекей бұйымдардың бірі - тау үстіндегі қанатты барыстың элементі ескерткіш ретінде қойылса, музейдің қарсы алдына сақ заманындағы «Садақшы қыз» бен жаугершілік замандағы қазақтың «Жауынгер батырының» бейнесіне арналған Күрті гранитінен бедерленген алып ескерткіштер орнатылған. Музей ғимаратының сыртын айналдыра тау болып үйілген тастарды көруге болады. Оның мәні - ертеде жаугершілік заманда жорыққа аттанған жауынгер батырлар қолдарына бір-бір тастан алып, дөңестеу жерге лақтырып, үйіп кететін болған. Ал, жорық аяқталып қайтқан соң, әр жауынгер қайтадан жаңағы үйіген тасты қолдарына алып, жан-жаққа шашып лақтырып тастаған. Сонда қалған тасқа қарап, жорық барысында қанша әскерінен айырылғанын аңғаруға болады екен. Оның бір айғағы ретінде Тентек өзені бойындағы Үйгентас шатқалындағы тас қорғандарды атауға болады.
Музей коллекциясы қатарындағы құнды артефактілердің бірі әрі бірегейі - ББМ НҚ 26 тіркеу нөмерімен сақталған қазақтың соңғы ханы - Кенесарының қарындасы (кейбір деректерде әпкесі деп те айтылады) әйгілі Бопай ханымның қылышының орны ерекше.
Оның басы - ұшына дейін сыртқа қарай орташа қайқыланған. Қылыштың беріктігін артыра түсу үшін, ұзындығын бойлай екі жағынан, үш қатар сайлы «бедер» жүргізілген. Сабы ағаштан. Қолды жауып тұратын «балдағының» бір ұшы қылыштың сыртына қарай шығыршықтала иіліп, тұйықталған. Қылыштын алқымында: «Шафъ и Сыновья және С.Петербугъ» деген жазуы мен қатар «Патшалық Ресейдің Елтаңбасы» (басында тәжі бар екі басты бүркіт бейнесі) бейнеленген бедері бар. Қылыштың жалпы ұзынд: 98,5 см; ені 3 см. Жасалған уақыты 1845 жыл. Жасалған жері: Санкт-Петербург қаласы. Әкелі-балалы Вильгельм Николай Шаф (әкесі) пен Вильгельм Людвиг Шафтардың (баласы) шеберханасында жасалған. Музейге 2017 жылы Тастеміров Айдар Нұрманұлы тапсырған.
Дүйсенбі күні тазалық күні. Аптаның қалған күндері 8.00-ден - 17.30-ға дейін келушілерге қызмет көрсетеді.
Музейді тамашалау ақылы.
экскурсиясыз кіру бағасы: 1 адам - 600 т
Жеке адамға арнайы экскурсия 1 - 15 адамға дейін 1 адам - 2000 т
Студенттер 1 адам - 500 т
Зейнеткерлер - тегін
Шет ел азаматтары 1 адам - 3000 т
Экскурсия (экскурсия жүргізушімен) - 1500 т
Мектеп оқушылары 1 адам - 300 т